Біз салауатты өмір салтын таңдаймыз!

Халқымыздың «Бірінші байлық — денсаулық», яки болмаса «Денсаулық – терең байлық» деген даналық мәтелдері тіршіліктің нағыз өзегінен алынғаны анық. Еліміз денсаулықтың қадірін, маңызын айрықша ұғынып барлық игіліктен жоғары санаған.

Салауатты өмір салты – жеке адамның жан, тән және әлеуметтік жағдайының қоңдылығы. Аурулардың алдын алып, денсаулықты берік ету – адамның өмір сүру қабілетінің, әлеуметтік қызметінің, қоғамдық өмірге жан-жақты араласуына оң ықпал етеді. Байқап отырсаңыз жан иесінің жалғыз анатомиялық дұрыс қалпына ғана емес, оның әлеуметтік жағдай-тұрпатына да ерекше мән берілген.

Дәрігерлер мен провизорлардың съезінде сөйлеген сөзінде еліміздің президенті Н.Ә.Назарбаев: «Халықтың денсаулығы – ел дамуының аса маңызды тұтқасы, болашағымыздың кепілі» деп тағы да айрықша айқындап атап өтті. Сонымен қатар келешек атқарылатын істердің басты стратегиялық бағыттарын да көрсетті. Солардың алғашқысы – балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына айрықша көңіл бөлу болып табылады.

Жастар – болашағымыздың алтын тірегі дегендей, Павлодар қаласының отбасы үлгісіндегі балалар ауылында салауатты өмір салтын ұстануға көп көңіл бөлінеді. Жеткіншектер үнемі сан алуан спорттық сайыстарға қатысып отырады. Осы күзгі демалыс кезінде де балаларды жағымды тосынсый күтіп тұрды. Бізді «Extremе» лазер клубына шақырды.

Ойын алаңында оларды клуб әкімшісі қуана қарсы алып, мейірлі жүз, сезімге толы сыйластықпен ойын шартын түсіндірді және қару мен құрылғыларды  қолдану ережесімен таныстырды.

Балалар екі командаға – «Қызылдар» мен «Көктер» болып бөлінді. Жеткіншектерді  «Қорқыныш лабиринтіне» кіргізіп, сол жерде ұрыс қимылдары  басталды. Айта кетейік, лабиринттің атауы үрей тудырғанмен, ішінде жасөспірімдер ештеңеден жүрексінген жоқ, керісінше, қызықты әрі құпия әлемге тап болды. Әрине, клубтың ішкі ауаны балалар жақсы көретін комедиялық қорқынышты фильмдер көріністерін еске салды.

Тәрбиеленушілер бір сағат, тіпті екі сағатқа жуық уақыт ойын қызығына батып, аракідік үзілістер кезінде демдерін басты. Осы демалыс кезіндерінде балаларға мультфильмдер көрсетілімі ұсынылып, тәтті-дәмділер үлестірілді.

«Павлодар қаласының отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» әкімшілігі, тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің атынан,  біздің балғындарымызға естен кетпес қуаныш сыйлап, көрсеткен қамқорлығы, ізгі ниеті, жан жылуы, шынайы көңілдері үшін, «Lazer CIUB EXTREMЕ»  ЖШС директоры Устинова Елена Юрьевнаға және клуб әкімшісі Берестова Ольга Юрьевна мен Мокрова Марина Валерьевнаға зор алғыс білдіргіміз келеді.

Күзгі демалыс кезінде біздің балалар «Шымыр» сауықтыру бассейнінде де болды. Бассейн әкімшілігі шақырып, ыстық ықыластарын танытты.

Алып хауыздағы жылы су, жағымды жағдай балдырғандардың асыр салуына,  күміс суды көкке шашып көңіл көтеруіне жол ашты. Әр минут шаттық сыйлап, балғындардың жүзі қуаныштан бал-бұл жанды. Бізден басқа келушілердің өздері бірге ойнап, әңгіме-дүкен құрды.

“Шымыр” бассейніне барған сапардан соң, жарқын естеліктер мен  жағымды эмоциялар көкеймізде қалды. Бассейн әкімшілігіне көп рақмет айтамыз.

Біз салауатты өмір салтын таңдаймыз. Соның бір айғағы – «Алақай, демалыс» атты күзгі демалысқа арналған   балалар спорттық эстафетасы. Спорттық сайыстың ұйымдастырушылары – Марина және Виктория Хлебниковтар, Олег Сафронов, Данара Ермек. Олар балалармен бірге командалық спорттық ойындарға қатысты. Балалардың барлығы  уақытын қызықты өткізді.  Бүлдіршіндер ауызбіршілікке,  ынтымаққа үйреніп, ойындарға белсене араласты. Эстафета,  аяқдоп ойынын өткізіп, бір-бірін бірлік пен қырағылыққа баулыды.  Іс-шараның соңында қатысушылардың барлығы тәтті сыйлықтарға ие болды.

 

Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Нашар көретіндерге арналған нұсқа