Біз – болашақ отанқорғаушылармыз.

Әскери өмір салты әр балаға қызық. Ұлттық Ұлан қатарына алынуды армандайтын  ұлдар мен қатар қыз балалар да мемлекет күзетінде жүрген мамандық иелеріне қызушылық танытады. Оларға патриоттық тәрбие беру, бойларында ел мен жерге деген құрмет белгісін қалыптастыру мақсатында балалар ауылының педагогтары күштік құрылымдармен тығыз байланыс орнатқан.

«Бұл жолы біздің балаларымыз 55/12 Ұлттық Гвардия мерзімдік қызмет  сарбаздарының  емтихандық нормативтер тапсыруына куә болды».

Осындай бірегей мүмкіндікке ие болған балалар шынайы әскери қызметтің бір күнімен танысып, әскери техника, қару-жарақ түрлерін тамашалап, жас сарбаздардың дайындығын көрді. Әскери бөлімінің жаттығу алаңында құрылған оқу-жаттығу орындарында мерзімдік қызмет жауынгерлері әртүрлі қару түрлерін бөлшектеу-жинау, Калашников автоматынан, пулеметтен,  танкіге қарсы гранатаметтен, сонымен қатар, БТР-дің танкіге қарсы пулеметінен атыс жүргізу бойынша сынақ тапсырды.

Күн райы суық болғандықтан, отанқорғаушылар балаларды әскери шатыр ішіне жылынуға шақырды. Бұл жерде оларға ыстық шай ұсынылып, нағыз әскери жорық дастарханынан дәм татқызды.  Ал офицерлердің бірімен болған емен-жарқын әңгіме балаларға қызықты болғанын жастардың жалын шашқан жанарларынан-ақ байқауға болатын еді. Ол әскери өмір туралы сыр шертіп, келісімшарт бойынша әскери қызметтің артықшылықтары мен пайдасына, әскери училищені аяқтаған азаматтардың жағдайына тоқталды.

Балалар ауылының тәрбиеленушілері байтақ Отанамыз – Қазақстанның армиясы мығым, күші қуатты екеніне тағы бір мәрте көз жеткізді.

Қазақ халқының ұлттық ойындары

Әр халықтың өзіне тән көптеген ойын-сауық түрлері болады. Қазақ халқының ғасырдан ғасырға желісін үзбей келе жатқан, әсіресе, күш пен жігерді, сабыр мен ептілікті қажет ететін  ұлттық ойындары  қаншама.

Жас ұрпақ өз халқының мәдениетімен, асыл мұраларымен ұлттық ойындар арқылы танысып келеді. Халық ойынды тәрбие құралы деп таныған.

Баланы өз Отанын сүйетін, өз елінің салт-дәстүрін сыйлайтын, отансүйгіш азамат етіп тәрбиелеу – қазіргі қоғамның күнтәртібіндегі мәселесі. Ұлттық ойындар баланың ой-өрісін жетілдірумен бірге, өз халқының асыл мұраларын бойына сіңіреді. Сондықтан да оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізе білуіміз – абыройлы міндет.

Осы ұлық мұратты көздеген «Павлодар қаласының отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» ұлттың әдет-ғұрыптары мен қазақ халқының мәдениетін білуге құлшындыратын   «Қазақ халқының ұлттық ойындары» іс-шарасын ұйымдастырды.

Тәрбиеленушілер «Арқан тарту», «Тоғыз құмалақ», «Асық»,  «Аударыспақ» сияқты ойын түрлерімен танысты. Бәсеке барысында олар ой ұшқырлығын, қиял қағілездігін, зейін зеректігін танытты.  Барлық бала белсенділік көрсетіп, ойын көрігі қызған сәтте батылдық пен ептіліктерін паш етті. Іс-шара думанды көңіл күй сыйлады. Ой сайысына құмар жеткіншектерге  «Тоғыз құмалақ» ойыны өте ұнады, бәсекелестік рух сезіліп тұрды.

Қазақ ұлттық ойындары – балалардың ақыл-зердесін дамытудың қайнар бұлағы.

Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Нашар көретіндерге арналған нұсқа