Балаларға қатысты қатігездіктің алдын алу

22 қарашада «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» ҚММ-да «Қатігездік пен зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» акциясы аясында психолог Ковалевская Елена Николаевна педагогикалық ұжымға «Балаларға қатігездік таныту және денсаулығына нұқсан келтіру» тақырыбында іс-тәжірибе семинарын өткізді.

Бала – кішкентай тұлға, енді ғана қалыптасып келе жатқан адам. Сәбидің қандай ортада, қандай жағдайда тәрбиеленіп жатқанына байланысты оның болашағы түзіледі. Жағдайдың сыртқы тұрақтылығына қарамастан, әлемде балаларға қатысты зорлық-зомбылық оқиғалары сиреген емес. Қазіргі қоғамда бұл мәселе өте маңызды. Себебі бұл кішкентай адамның құқықтарын бұзу ғана емес, оның нәзік және әлсіз психикасына орасан зор кері әсер қалдыру. Ол көбінесе, жас баланың дамуы мен қалыптасуының бұзылуына әкеліп соғады.

Көптеген бала жылма жыл ересектер тарапынан зорлық-зомбылық зардабын тартып келеді.

Бүгінгі таңда бұл мәселе неге өзекті? Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың себептері қандай? «Зорлық-зомбылық шеңбері» дегеніміз не?

Осы және басқа да сұрақтар біздің педагогикалық-оқытушылық құрамның алаңдаушылығын туғызуда. Балаға қатысты зорлық-зомбылық тек қана физикалық емес, сонымен бірге оған эмоционалдық зиян келтіретін іс-қимылдар немесе арсыз әрекеттер жиынтығынан тұруы мүмкін. Ең қорқынышты нәрсе – қатыгездік құрбаны болған  миллиондаған бала психикалық жарақат алса, мыңдаған балғын опат болады.

Қатыгез қарым-қатынас салдарынан қайтыс болған балаларды еске алу үшін, семинардың басында майшам жағылып, осы мәселе бойынша әңгіме аяқталғанша алаулап, ауыр жағдайды еске салып тұрды.

Тәрбиешілер балаларға қаталдық көрсету оқиғаларының алдын алу шараларын талқылады және амалын ойластырды.

Кішкентай адамның құқықтарын бұзу – ауқымы кең түсінік. Мысалы, бұған отбасындағы балаларға қатігездік жасау деректері немесе ата-аналардың өз міндеттерін орындамауы енуі мүмкін.

Жағдайдың шын мәнінде қандай екендігін білмесеңіз, тиімді алдын-алу шарасын жүргізу мүмкін емес. Жас ұрпаққа қатысты зорлық-зомбылықтың төрт түрі бар: физикалық, сексуалдық, эмоциялық, балаға немқұрайлы қарау. Аталған зорлық түрлерінің әрқайсысының өз ерекшеліктері бар болғанымен, оларды біріктіретін ортақ салдар бар. Өйткені, бала қандай зорлық-зомбылыққа ұшыраса да, нәтиже біреу – ол күшті эмоцияналдық жарақат алады. Ең дұрысы, бала өзінің ата-анасы оның қорғаны, оның қауіпсіздігіне кепіл болатын адамдар екенін сезінуі керек. Егер бала қатыгездікке ұшыраса, ол өзін-өзі ата-анасының мойнына артылған артық жүк, ауыртпалықпын деп ойлауы ықтимал. Мұндай бала әке-шешесінен тұрақтылық, тірек күтпейді, керісінше, қашан мені соққыға жығады деп қауіптеніп жүреді.

Қоғамдық пайым тұрғысынан алғанда, «балаға зиян келтірмейтіндей күш қолдану қолайлы» деп есептейтіндер бар. Егер бала жарақат алса, жан-дүниесіне зақым түссе, онда бұл қатігездік таныту болып сипатталуы тиіс. Әрине, балаға нұқсан келген соң, істелген істі қайта түзетуге кеш болады. Ата-аналардың балаларды жазалау әрекетінің зорлық-зомбылыққа ұқсас түрлеріне рұқсат бере отырып, біз балаларға зиян келтіру ықтималдығын айтарлықтай арттырамыз. Бұл жағдайда қатыгез қарым-қатынас мәселесін шешудегі ең жақсы жол — біздің физикалық жазалау мен баланың құқықтарына қатысты ұстанымымызды қайта қарастыруымыз болмақ. Ашу-ызамен жасалған эмоциялық әрекеттер физикалық зорлық-зомбылық әсері сияқты зиян келтіре алатынын есте ұстаған жөн. Ата-аналар баласын үнемі елемей, ар-намысын қорлауды, қорқытуды немесе қатаң бақылау орнатуды әдетке айналдырған сайын, өз баласының жанына ұзақ уақыт жазылмайтын жара салады.

Бұл проблемаға тап болғанда, біз рұқсат етілген жаза мен қатігез қарым-қатынас арасындағы сызық оңай жойылатынын аңғаруымыз керек. Бақытымызға  орай, «балаларға дене жазасын қолдануға бола ма» деген қоғамдық пікір өзгеріп келе жатыр. Алайда, біз қоғам ретінде бұған жол беріп тұрсақ, балаларды қудалау жалғаса береді.

Қалай болғанда да, балалардың әл-ауқаты мен денсаулығына жеткіншектердің өздері ғана жауапты емес, елдің толық азаматтары болып табылатын, біздер жауапкерміз. Өкінішке орай, бәрі мұны түсінбейді, сондықтан қатігез қарым-қатынас мәселесі өзекті болып қала бермек.

 

Психолог-ұстаз Е. Ковалевская

Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Нашар көретіндерге арналған нұсқа