Жасөспірім және онымен қарым-қатынас қақтығыстары

Жасөспірімдік кезең – ересектер мен балалар арасындағы қарым-қатынас қайшылықтары шиеленісетін шақ. «Жасөспірім-жасөспірім» және «жасөспірім-ересек» сияқты өзара қатынас алаңындағы дамудың әлеуметтік жағдайын ескерсек, бұл кезең — ересектер мен балалар арасындағы қарым-қатынас дағдарысы ретінде сипатталады. Ересектер бейнесінде көбінесе жасөспірімдермен жиі қайшылықтарға тап болатын мұғалімдер мен ата-аналар көрініс табады. Осылайша, екеуара жанжалдық қарым-қатынас үш байланыс жүйесінде өтеді: «жасөспірім — ата-аналар», «жасөспірім-мұғалімдер» және «жасөспірім — жасөспірім».

Жасөспірімдердің құрдастарымен араласуы — олардың өмірінің ерекше өрісі. Кейде құрдастық қарым-қатынас қызықтығы сондай, ол білім алу жоспарына кедергі келтіреді, тіпті, жақын адамдармен араласу белсенділігін  төмендетеді. Бірақ, мұндай әсердің психологиялық механизмдері мұғалімдер мен ата-аналарға көбінесе түсініксіз. Ал жасөспірімдер арасындағы қақтығыс қатынастары көшбасшылық үшін күреске негізделген.

Жанжалшыл мінез-құлықтың негізгі факторлары — шағымдардың, өзін-өзі бағалау мен мәртебенің деңгейі.

Жасөспірімдер мен мұғалімдер арасындағы қарым-қатынастар қызметтік, жүріс-тұрыс және көзқарас қақтығыстарымен қоса жүреді. Педагогикалық қақтығыстар білім беру қызметінің ерекшелігіне, тараптардың мәртебесі мен жасы бойынша ерекшеліктеріне байланысты. Мұғалімнің конфликт кезіндегі конструктивтік іс-әрекеті өз ұстанымын дұрыс анықтай білуіне, ата-аналармен қарым-қатынасқа, сынып пен педагог қызметкерлердің ықпалын пайдалануына, жасөспірімнің жеке басын құрметтеуге, тәрбиеленушілермен өзара әрекеттестікті оңтайландыруға арналған ұсыныстарды пайдалануға мүмкіндік береді.

Жасөспірімдер мен ата-аналар арасындағы қақтығыстар отбасылық қарым-қатынастардың жойылуына, білімнің жетіспеушілігіне, жасөспірімдердің психикалық дамуындағы жеке психологиялық өзгерістерге және ересектердің төл мінез-құлық ерекшеліктеріне байланысты. Жасөспірімдердің  қақтығысты іс-әрекеттері олардың дара болмыс ерекшеліктерін, жас ерекшеліктеріне сай психикасының өзгеруі ескерілмеген, ересектердің оларға қатысты қарым-қатынасының түрі мен сипаты өзгермеген кезде пайда болады.

Ересектер мен жасөспірімдер арасындағы жанжалсыз қарым-қатынасқа қолайлы жағдай туғызу үшін, ата-аналардың педагогикалық мәдениетін көтеру, ұжымдық негізге сүйеніп  отбасыларын ұйымдастыру, ата-аналардың  балаларының  ішкі жан дүниесіне тереңірек үңіле отырып, өз ауызша талаптарын білдіргені септігін тигізеді.

Осындай эмоционалдық шиеленіске ұмтылысты айналадағылар көп жағдайда қақтығысқа деген қажеттілік деп бағалайды. Алайда адамның өзі мұны түйсінбейді, ал ол тұлғаның түпкі қажеттіліктерінен туындап, оны түзету қиынға соғады. Қарым-қатынасты үнемі драмаландыруға және тұлғааралық шиеленісті күшейтуге деген өзіне тән құлық қалыптасуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды.

Қақтығысқа түсудің тағы бір негізі — басқалар жайлы бұрыс қалыптасқан көзқарас, адамның шынайы мүмкіндіктеріне сай келмейтін өзін өзгеден жоғары санау, өзгелердің есебінен өзін таныту тенденциясы. Мұндай жағдайларда басқалардың жағымсыз қасиеттерін басымдықпен қабылдауға,  қарым-қатынас орнату кезінде қоршаған кісілерді теріс бағалау тұрақты бағдарға айналуы мүмкін.

Конфликт психикалық шиеленістің белгілі деңгейін қарастырады. Ол адамның психологиялық тұрақтылық деңгейіне байланысты әр адамда әрқилы болуы ықтимал. Психикалық тұрақты және психикалық тұрғыдан  тұрақсыз адамдар күрделі жағдайдаларда әртүрлі әрекет жасайды.  Психикалық тұрақсыз жасөспірімдерде кедергілерді оңтайлы еңсеру тәсілдері қалыптаспағандықтан, кейде теріс эмоционалдық стрестің өзіндік индукциясы байқалады: бей-берекет іс-әрекет стрестік жағдайды күшейтеді, бұл оның іс-әрекетіне одан әрі кесел келтіреді.  Бұл «берекесіздік толқынын» тудырады.

Қақтығыс компоненттерінің келесі түрлері бар:

эмоционалдық компонент (тұлғааралық әрекеттестік қалыбындағы тұлғаның жай-күйі, қақтығыс алды мен қақтығыс жағдайлары кезінде өзінің эмоционалдық қалып-күйін басқара алмау);

ерік-жігер компоненті (жеке адамның күшті жұмылдыруға және өзін-өзі бақылауға қабілетсіздігі);

танымдық компонент (қарсыластың арандату әрекеттерін қабылдау, субъективтілік, жағдайды талдау және болжау қабілетсіздігі);

ынталандырушылық компоненті (қақтығыс кезінде салиқалы мінез-құлық көрсетуге сай келмейтін және  проблеманы шешуге қатысты ішкі туынды күштердің жай-күйін көрсетеді);

-психомоторлық компонент (өз денесін, ым-ишараттарын басқара алмау).

Жасөспірім жанжалдарының психологиялық детерминанттарының (себептілік) үш түрі бар:

— дамудың психофизиологиялық ерекшеліктерімен байланысты детерминанты (анықталған ми жарақаттары немесе жұқпалы аурулар, тұқымқуалайтын аурулар, ақыл-ойдың артта қалуы, жүйке жүйесінің ерекшеліктері, әсіресе қозу және тежеу үдерістері);

нақты психологиялық детерминанттар — жеке тұлғаның сипаттамалары (жыныстық жас ерекшеліктері, отбасылық дамудың жағдайы, өзін-өзі бағалау деңгейі, мінездің нақтылануы);

әлеуметтік анықтаушы — микро және макроорта факторлары. «Конфликт» ұғымының анықтамасына сәйкес, бұл детерминанттарға жасөспірімнің әлеуметтік тәжірибесі жатады: әлеуметтік жетімсіздік (әлеуметтік жауап беру әдістерінің жеткіліксіз деңгейі), педагогикалық басқару және оқу мекемесінің түрі де әсер етуі мүмкін.

Бұл психологиялық детерминанттар жасөспірімдік жанжалға, яғни олардың иерархиялық құрылымына ие.

Отбасы аясындағы даму — басым позицияға ие. Отбасы жасөспірім шаққа дейінгі баланың өмір сүру жағдайларын белгілейді: бір жағынан, көптеген зиянды салдарларды болдырмайды, ал екінші жағынан, оның әсерлері мен тәжірибесінің ең бай көзіне айналады. Отбасындағы дағдарыс идеалдардың бұрмалануына әкеліп соғады, бұл алдымен жасөспірім жастың мінез-құлқының өзгеруіне, содан кейін моральдық көзқарас пен өмірлік ұстанымдарының бұзылуына әкеп соқтырады. Ересектерден түңілген жасөспірімге өзі құралпы балалардың ортасы жайлаған көше тәрбиешіге айналады. Олардың топ құруына  айналадағыларға түсінікті болу, ортаға қабылдану және өздерінің қадір-қасиетін арттыру негіз болса да, отбасылық байланыстан ажыраған жағдайда,  қатыгездік, қыңырмінезділік және азғын жетекшілік салдарынан қылмыстық әрекеттерге жол ашады. Салдарынан білім мен еңбек жетістіктері бұзылып, өзіне-өзі  баға беру мен  өзіне деген сенімділікті бәсеңдететін жаңа қақтығыстар мен кемшіліктер  туындайды. Сондықтан жасөспірімнің жанжалды мінез-құлқының психологиялық детерминанттарын зерттегенде, өзіндік девианттық іс-әрекеттерінен жас ерекшелігіне байланысты көріністерді,  қалыптасып келе жатқан өзін-өзі бағалаудағы болуы ықтимал өзгерістерді бояма міншілдіктен бастап әлеуметтік стандарттарға бағынбау әрекетінен  бөліп қарастыру қажет.

Қорытындылай келе, жасөспірімдер арасындағы қақтығыс проблемасы соңғы кездері ерекше резонанс тудыратын мәселе екенін ату керек.  Жасөспірімдік жанжалдар факторларын білу — жасөспірімдердің өзін-өзі бағалау дағдыларын дамыту,  тұлғааралық қарым-қатынас жағдайын талдау дағдыларын қалыптастыру үшін, адамдармен қарым-қатынаста өз мінез-құлқын түзету үшін  маңызды. Осылайша, белсенді оқыту әдістері арқылы жанжалды қақтығысқа қарсы тұрақтылық сипатқа өзгертуге болады.

 

Психолог-мұғалім Ковалевская Е.Н.

 

 

 

Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Нашар көретіндерге арналған нұсқа