Archive for : Март, 2019

«Павлодар қаласының отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» КММ-да өткізілген Наурыз мерекесі туралы

Наурыз – қазақтармен қатар, Азияның көптеген халықтары атап өтетін бес мың жылдық тарихы бар мереке. Наурыз – бұл көктем мерекесі, жылдың басы, табиғаттың жаңаратын, жаңа өмірдің бастау алатын мезеті. Наурыз мейрамы көктемгі күн менен түн теңелетін, жұлдыздар мен шоқ жұлдыздар ғарыш кеңістігін жыл он екі айда бір айналып шығып,  бастапқы қалпына түсетін, жаңа шеңбер – жол бастайтын сәтке тұспа-тұс келеді.

Ағымдағы жылдың 18 наурыз күні балалар ауылында Наурыз мейрамына орай ауқымды іс-шара өтті. Балалар ауылының аумағында қоғамдық ойын-сауық ұйымдастырылып, қазақтың ұлттық ойындары — «Қазақ күресі», «Асық ату» ойналып, балалар ауылының тәрбиеленушілері мен музыкалық жетекші ұсынған концерттік бағдарлағамаға ұласты. Ұлттық тағамдар байқауы қонақтар мен мереке иелерінің ешқайсысын бей-жай қалдырмады.

Қадірлі меймандар – Ердеш ата мен Үміт апай салт-дәстүрге сай үлгі көрсетті. Ердеш ата балаларға, балалар ауылының қызметкерлеріне, келген қонақтарға жақсылық тілеп батасын берсе, ізгі тілек қабыл болсын деген ниетпен Үміт апай шашу шашты.

Мереке барысындағы концерттік бағдарламаға «Нұр Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің өкілдері де қатысты. Олар өнер көрсетіп болған соң, балалар ауылының балғындарына молынан сыйлық үлестірді. Ал баскетбол командасы арнайы тарту – тәтті толы себетпен марапатталды.

Қазақы киіз үйдің ішіне мерекелік дастархан жайылып, дәмнің төресі – Наурыз көже ұсынылды. Балалар ауылының тәрбиеленушілері, ұстаздар мен қызметкерлер мол болып жайылған үлкен үстелден дәм татты.  Ұлтық тамақтар – қуырдақ, бауырсақ, түрлі тәттілер, самауырдан құйылған шай мерекелік думанның мәнді де мәйекті қорытындысы болды.

Наурыз – Жер бетіндегі барлық адамды табиғатпен бірлікке шақыратын, үйлесімділік пен жақсылықтың жарқын мерекесі.  Балалар ауылының басшылығы мен әкімшілігі барша қауымды Наурыз мейрамымен құттықтап, бүкіл қазақстандықтарға береке мен бақыт, молшылық пен көркемдік тілейді!

«Павлодар қаласының отбасы үлгісіндегі балалар ауылында» «Тілдік келісім» мерекесін өткізу туралы

«Павлодар қаласының отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» базасында 2019 жылы 5 наурызда «Тілдік келісім» жобасын жүзеге асыру бойынша салтанатты іс-шара өтті. «Рухани жаңғыру» жобасын атқару аясында Облыстық тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен, «Ана тілі» орталығымен бірлесе отырып, жоба авторы Ш. Т. Кенжикова әзірлеген  «Тілдік келісім» ұзақ мерзімді жобасының екінші кезеңі басталды.

 

Жобаның бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша «Павлодар қаласының отбасылық үлгідегі балалар ауылы» мемлекеттік мекемесінде «Өлкетану» кабинетінің тұсауы кесілді. Ашылу салтанатына Тілдерді дамыту басқармасының басшысы — Османова С. Г., «Тілдік келісім» жобасының авторы Кенжикова Ш. Т., «Сағым жылдар» әжелер ансамблінің мүшелері, Павлодар қаласы, Кенжекөл ауылы балалар ауылының басшылары, Тереңкөл балалар үйінің тәрбиешісі және БАҚ өкілдері — «Ирбис» телеарнасы, Павлодар облыстық білім беру басқармасының өкілдері қатысты.

Жобаның екінші кезеңі келісілген жоспар бойынша үш ай ішінде іске асырылады.

Іс-шараны Павлодар қаласы балалар ауылының басшысы Г. Е. Каримова құттықтау сөзімен бастады. Ол жобаның бірінші кезеңіндегі жемісті және қызықты жұмыс үшін ұйымдастырушыларға алғысын жеткізіп, екінші кезеңнің лайықты жалғасын табатынына үміт білдірді.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Османова С. Ғ. жобаның екінші кезеңінің мақсаты мен миссиясын қысқаша баяндап, жоба авторына, барлық ұйымдастырушыларға және қатысушыларға рақметін айтты. Жобаның авторы Ш. Т. Кенжикова «Тілдік келісім» жобасының екінші кезеңін табысты іске асырылатынына сенім білдірді. Павлодар облысының әкімі Б. Ж. Бақауовқа, тілдерді дамыту жөніндегі басқармасына, облыстық «Ана тілі» орталығына және Кенжекөл ауылының, Павлодар қаласының отбасы үлгісіндегі балалар ауылының, Тереңкөл ауданының балалар ауылы басшыларына көрсеткен қолдауы үшін құрмет көрсетті. «Биыл бұл жобаға Тереңкөл, Кенжекөл ауылдарының, Павлодар қаласының балалар ауылдарынан 90 тәрбиеленуші және педагог қатысады, — деді Сәуле Ғабдулжапарқызы.

Іс-шара барысында «Тілді келісім» жобасының бірінші кезеңін іске асыру кезінде түсірілген бейнематериал көрсетілді. Әжелер қазақ халқының салт-дәстүрлерін көрсетті: киіз үйді тұрмыстық заттармен безендірді, қыздарға ұлттық әшекейлерді тағуға, шашпау тағып, бұрым  өруге үйретті. Балалар ауылының тәрбиеленушілері үшін жоба авторы Ш. Т. Кенжикова «Тілдік  келісім» жобасының логотипі бар қоржын сыйлап, тәтті-дәм үлестірді.

Іс-шара концерттік бағдарламамен аяқталды. Павлодар қаласы балалар ауылының тәрбиеленушілері Е. Ногаев пен А. Сороколет қазақ тілінде ән шырқады. Сондай-ақ тәттілер мен бауырсақ қойылған мерекелік дастарханнан шай ішті.

Осы жобаны ұйымдастырушылар әрі қарай жемісті және қызықты ынтымақтастық орнайтынына үміт артты. Олар бұл іс-шара адамдарды біріктіруге, тәрбиеленушілер мен ересектерді азаматтық ұстанымда   тәрбиелеуге көмектеседі деп санайды.

Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Нашар көретіндерге арналған нұсқа