«Павлодар қаласының отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» КММ-да өткізілген Наурыз мерекесі туралы

Наурыз – қазақтармен қатар, Азияның көптеген халықтары атап өтетін бес мың жылдық тарихы бар мереке. Наурыз – бұл көктем мерекесі, жылдың басы, табиғаттың жаңаратын, жаңа өмірдің бастау алатын мезеті. Наурыз мейрамы көктемгі күн менен түн теңелетін, жұлдыздар мен шоқ жұлдыздар ғарыш кеңістігін жыл он екі айда бір айналып шығып,  бастапқы қалпына түсетін, жаңа шеңбер – жол бастайтын сәтке тұспа-тұс келеді.

Ағымдағы жылдың 18 наурыз күні балалар ауылында Наурыз мейрамына орай ауқымды іс-шара өтті. Балалар ауылының аумағында қоғамдық ойын-сауық ұйымдастырылып, қазақтың ұлттық ойындары — «Қазақ күресі», «Асық ату» ойналып, балалар ауылының тәрбиеленушілері мен музыкалық жетекші ұсынған концерттік бағдарлағамаға ұласты. Ұлттық тағамдар байқауы қонақтар мен мереке иелерінің ешқайсысын бей-жай қалдырмады.

Қадірлі меймандар – Ердеш ата мен Үміт апай салт-дәстүрге сай үлгі көрсетті. Ердеш ата балаларға, балалар ауылының қызметкерлеріне, келген қонақтарға жақсылық тілеп батасын берсе, ізгі тілек қабыл болсын деген ниетпен Үміт апай шашу шашты.

Мереке барысындағы концерттік бағдарламаға «Нұр Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің өкілдері де қатысты. Олар өнер көрсетіп болған соң, балалар ауылының балғындарына молынан сыйлық үлестірді. Ал баскетбол командасы арнайы тарту – тәтті толы себетпен марапатталды.

Қазақы киіз үйдің ішіне мерекелік дастархан жайылып, дәмнің төресі – Наурыз көже ұсынылды. Балалар ауылының тәрбиеленушілері, ұстаздар мен қызметкерлер мол болып жайылған үлкен үстелден дәм татты.  Ұлтық тамақтар – қуырдақ, бауырсақ, түрлі тәттілер, самауырдан құйылған шай мерекелік думанның мәнді де мәйекті қорытындысы болды.

Наурыз – Жер бетіндегі барлық адамды табиғатпен бірлікке шақыратын, үйлесімділік пен жақсылықтың жарқын мерекесі.  Балалар ауылының басшылығы мен әкімшілігі барша қауымды Наурыз мейрамымен құттықтап, бүкіл қазақстандықтарға береке мен бақыт, молшылық пен көркемдік тілейді!

Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Нашар көретіндерге арналған нұсқа