9 мамыр мерекесін атап өту туралы

Балалар ауылында соңғы бес жылдың жүзінде басшы Кәрімова Гүлбағда  Ердешқызының бастамасымен жыл сайын «Екі жұлдыз» байқауы өткізіп келеді. Конкурс бірнеше кезеңнен тұрады. Іріктеу турында ең дарынды тәрбиешілер мен тәрбиеленушілер іріктеліп алынады. Көрсететін өнер түріне қатысты жауапкершілік, сахына мәдениетін сақтау, әсем дауыс – барлығы іріктеу кезеңінің басты шарттары саналады.

Жыл  сайын бұл байқауға қазылық жасау үшін білікті мамандар, демеушілер, білім және мәдениет саласының өкілдері шақырылады. Биыл облыстық конкурстың екінші кезеңіне танымал композитор, әнші, Республикалық конкурстар қатысушысы – Рамзан Валиев қазылық етті. Ол  бұл байқауға арнайы шақырылғанына рақметін білдіріп, конкурсқа қатысушыларға қызықты нөмірлер ұсынғандықтары үшін алғыс айтты, сонымен қатар балалардың шығармашылықпен алаңсыз айналысуына жағдай жасаған балалар ауылы басшылығына ризалығын жеткізді.

Осы байқауға жыл сайын отбасылық үйлердегі тәрбиеленушілер мен тәрбиешілер әртүрлі аталым бойынша қатысады. Конкурстың қорытынды бөлімі – 9 мамыр – Жеңіс Күніне арналған гала-концертке ұласты.  «Екі жұлдыз» конкурсының жеңімпаздары өздерінің үздік нөмірлері – әскери жылдар әндерін орындады. Жеңіс Күніне арналған концерт әсем билер, әсерлі әндермен тамсандырып, отты жылдары опат болған жауынгерлерді еске алу минутымен көңіл толқытты.

Байқау жеңімпаздары бағалы сыйлақтарға ие болды: Гран-приге қол жеткізген – «Достық» үйіне (Шамиева Т.В. және Ногаев Е.) – телевизор сыйланса, 1-орын  иеленген — «Бірлік» үйіне (Арынова Г.Ш. және Сороколет А.) – қысқатолқынды пеш тарту етілді, 2-орын алған – «Аққайнар» үйіне (Пучкова О.М. и Буцина Я.) – қысқатолқынды пеш берілсе, 3-орынды «Аңсар» үйі (Аугазина А.К., Белянская Е.)  мен «Нұрқанат» үйі (Люфт Л.В., Черевкова Т.) тең бөлісіп, сыйлыққа еттурағыш ұтып алды.

Концертке тыл және еңбек ардагерлері шақырылды. Олар: Мальцев Павел Александрович – фашистік концлагерьдің тұтқыны, Мальцева Елена Васильевна тыл еңбеккері. Концерттік бағдарламадан соң кәсіподақтар  комитеті ардагерлерге мол дастархан жайып, тәттілер мен бауырсақтан дәм татқызып, шай берді, естелік сыйлықтар табыстады. Мереке көпшіліктің көңілінен шықты.

Осындай естен кетпейтін ерекше жарқын шығармашылық коцерт ұйымдастырып, ересектер мен балалардың дарынын паш етуге мүмкіндік жасағаны үшін, Гүлбағда Ердешқызына зор алғыс айтып, үлкен құрмет білдіреміз. «Екі жұлдыз» байқауына ұзақ жылдық ғұмыр тілейміз.

Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Нашар көретіндерге арналған нұсқа