Archive for : Июнь, 2019

«ҰБТ-ны сәтті тапсыруымен құттықтаймыз»

Оқушыларға мектепте алған білімдерінінің нәтижесін көрсететін уақыт жетті. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы шығарылды. Біздің Балалар ауылының тәрбиеленушілері емтиханды сәтті тапсырып, пәндер бойынша айтарлықтай нәтиже көрсетті. Тестілеу қорытындысы бойынша Мухаметжанова Галина 114 балл алса, Казыков Роман 102 балл жинады.

Педагогтар мен балаларды жоғарғы көрчеткіштермен құттықтаймыз. Айта кету керек, оқушылар тестілеуге тыңғылықты дайындалды. Бұл — мұғалімдер мен тәрбиешілердің ортақ үлкен еңбегі. Олар пәндер бойынша бар көмегін аямай, жайлы жағдай жасап, емтиханға өнімді әзірленуге зор мүмкіндік берді. Кенжебалин Ғибрат Жұмабекұлы басшылық жасайтын «Достық» білім беру орталығының педагогтарына Романды ҰБТ тапсыруға сапалы дайындағаны үгін ерекше алғыс айтқымыз келеді. Өзге ұлт өкілі саналатын оқушы емтиханды мемлекеттік тілде тапсырып, жоғары балл жинады. Бітіруші түлектер тәрбиеші-аналар — Тауова Гүлжанат Советқызына, Шарапитова Сәуле Тілеубергенқызына, Кайсарова Наталья Николаевнаға түсіністік танытып, жайлы жағдай туғызғаны, қолдау білдіргені, бағыт бергені үшін рахмет айтады. Балалар ауылының басшылығы педагогтар мен тәрбиешілерге оқушыларды жан-жақты дайындағанына алғыс білдіреді. Ал түлектерге тілеріміз — зор болашақ, еліміздің ең үздік ЖОО-сына түссін дейміз. Білікті маман атанып, өз елінің лайықты азаматына  айналсын!

«Біз — чемпионбыз!»

2019 жылдың 15-23 маусым аралығында Алматыда Балалар үйлері мен интернаттық мекемелердің тәрбиеленушілері арасында баскетболдан  республикалық «Үміт кубогі» чемпионаты өтті. Дәстүрлі турнир он төрт жыл бойы өтіп келеді. Турнирге Қазақстанның барлық аймақтарынан 17 команда қатысты. Әлеуметтік маңызы бар турнир тәрбиеленушілерді салауатты өмір салтын ұстануға баулып, дарынды спортшыларды анықтауға мүмкіндік береді. Балалар үшін бұл тек спорттық сайыс қана емес, сондай-ақ, спорт арқылы өзіндік жолын анықтап, өмірден өз орнын табуға берілген жақсы мүмкіндік. Сайыс кезінде спортшылар мен олардың жаттықтырушылары «Алтын Қарғалы» пансионатына орналасты, онда олардың тұруына және демалуына қажетті барлық жағдайлар жасалған.

Спорттық іс-шараның ресми ашылуынан кейін қатысушылар 1972 жылғы Мюнхендегі жазғы Олимпиада кезіндегі КСРО құрамасының жеңісін сипаттайтын «Движение вверх» көркем фильмін көрді. Ұйымдастырушылар бұл фильмді кездейсоқ таңдап алған жоқ,себебі құрама сапында белгілі қазақстандық баскетболшы Алжан Мусурбекұлы Жармұхамедов өнер көрсеткен болатын.

Павлодар қаласының Отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілері бірінші ойынды Қарағандыдан келген командаға қарсы бастады. Ойында 36:23 есебімен жеңіске жетті. Келесі ойында біздің команда Талдықорғанның құрамасымен сәтті өткізді, есеп 67:12. Бұдан кейінгі ойын Түркістаннан келген командамен болды. Нәтижесінде біздің жігіттеріміз басым тағы да түсті. Есеп 35: 22. Петропавлдық командаға қарсы өткізген ойында да біздің ойыншыларымыздың мерейі үстем болып, 42:32 есебімен жеңіске жетті. Финалдық сайыста екібастұздық командамен күш сынасып, 55:29 есебімен оларды да шаң қаптырып кетті.

Павлодар өңірінің намысын қорғаған отбасы үлгісіндегі балалар ауылының командасы «Үміт кубогы» чемпионатындағы шиеленісі мол, қызықты әрі стратегиялық маңызды ойында үлкен жеңіске жетті және республикалық баскетбол командалары арасында ЧЕМПИОН атанды!

Біздің команданы алты жыл бойы жаттықтыратын құрама жаттықтырушысы Марат Ерсайынұлы Шұғабаев балаларды жеңіс тұғырына жетеледі. Айта кету керек, құрамаға осы уақыт аралығында «Халық банк»АҚ қолдау жасап келеді. Ал біздің тәрбиеленушіміз Уразбаев Владимир 2019 жылғы чемпионаттың «Үздік ойыншысы» болып танылды!

Команда ойыншылары және жаттықтырушыны зор әрі салмақты жеңісімен құттықтаймыз! Спортшыларға өркендеу, чемпионатта жеңістер тілейміз! Ерекше әлеуметтік топ балалары арасындағы баскетболдан республикалық чемпионатты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және өткізгені үшін турнир ұйымдастырушыларына, демеушілеріне алғысымызды білдіреміз!

Жаздың жарқын мерекесі

Міне, барлық балалар асыға күткен сүйікті жаз да жетті! Жаздың бірінші күні — бұл балалар мерекесі, Халықаралық Балаларды қорғау күні!

Ауқымды іс-шараны өткізу қарсаңында «Сбербанк» қызметкерлері балалар ауылы аумағында балалар мен тәрбиешілермен бірлесіп, петунья гүлдерін отырғызуды ұйымдастырды.

Бұл акция Қазақстанда қалыптасқан дәстүр бойынша шашумен  басталды. «Сбербанк» филиалының директоры тәрбиеленушілерді мерекемен құттықтап, жаз маусымында зор денсаулық және жақсы демалыс тіледі. Балалар өздері тұрып жатқан аумақты көгалдандыруға және абаттандыруға құлшына қатысты. Оларға ересектермен тізе түйістіре еңбек ету ұнады, әрқайсысы гүл отырғызу үрдісіне үлес қосудан аянып қалған жоқ. Акция аяқталған соң балаларға «Сбербанк» логотипі салынған үлкен торт тарту етілді. Балалар ауылының түлегі Галина Мұхаметжанова алғыс сөздерін жеткізді. Ол волонтерлерге қызықты акциялар мен мерекелер үшін, бірнеше жыл бойы қолдау көрсеткендері және тығыз ынтымақтастығы қатынасы үшін ризалығын білдірді.

Бұл мереке күні балалар ауылы аумағында «Нұр Ана» бірлестігінің  төрайымы Б.Ш.Максилова бастаған команда мен мұғалімдердің қатысуымен көңілді әрі қызықты бағдарлама өткізілді. «Достық» мәдени-сауық орталығының үздік аниматорлары балалардың көңілін көтеріп, тәттілер сыйлады, сыйлықтар таратты.

Концерттік-ойын-сауық бағдарламасынан кейін балалар ауылының тәрбиеленушілері «Бургер-кинг»жылдам тамақтану мейрамханасында болды. Мекеме қызметкерлері балаларды дәмді тағамдармен сыйлап, ерекше сый-құрмет көрсетіп, тәрбиеленушілерді таң қалдырды.Тағы бір тосын сый — тәлімгерлер ұйымдастырған қала ішінде лимузин көлігімен серуендеу болды.

Павлодар қаласының «Мейірбандар клубы» әлеуметтік-волонтерлік ұйымы балалар ауылының мектепке дейінгі балғындары мен төменгі сынып оқушыларына «Қарағай орманы» экологиялық аймағында, табиғат аясында ғажайып демалыс сыйлады. Балалар сауықтыру мүмкіндігіне ие болды, таза ауамен дем алды. Мультфильмдердің кейіпкерлері: Миньонмен мен  Мүйізді Жылқы  балаларға арнап футбол, волейбол, арқан тартудан сайыс өткізіп, би билеуді ұнататындар үшін флешмоб ұйымдастырды.

Келесі күні Балалар ауылында балалар мерекесі жалғасын тапты. Біздің достарымыз — «Дюсембаев» ЖК, Павлодар облысы тілдері дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысы М. К. Тулендинов, В. А. Павлович «Денсаулық десанты» шарасын өткізіп, балалар ауылының тәрбиеленушілері үшін тосынсый дайындады. Оқушылар сарайының шығармашылық ұжымдары балаларды көңілді билерімен баурап, әсем әндерімен серпілтті. Тосынсыйлар мұнымен тоқтаған  жоқ. Қонақтар тәрбиеленушілерге балмұздақ ұсынды, ал мектеп жасына дейінгі балаларға латын әліпбиінде шыққан «Әліппе» сыйлады.

Мерекеге әскери бөлімнің қызметкерлері келді, олар балаларға футбол, волейбол және теннис ойындарына арналған спорттық құрал-жабдықтар табыстады.

Балалар ауылы тәрбиеленушілерінің бір бөлігі «Динамо» дене шынықтыру қоғамында жаңа бассейннің ашылу салтанатына шақырылды, онда Павлодар облысының әкімі Б.Бақауов құттықтау сөз сөйледі.

Балалар жағымды көңіл-күйдің селін кешіп, естен кетпес әсер алды. Тәрбиеленушілер шараны ұйымдастырушыларға тәтті сыйлықтар мен спорттық формалар табыс еткені үшін шын жүректен алғыстарын айтты. Шақыруды қабыл алып, Павлодар облысы ІІД басшылығы атынан Б.Т.Камзинаның қатысқаны үлкен мәртебе болды. Балалар лауазымды тұлғаларға үлкен ризашылығын  білдірді.

Екі күн балалар қызықты іс-шараларға қатысып, көп қуанышқа кенелді.  Барлық демеушілерге, еріктілерге өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға шынайы жүректен, қайырымды көңілден мейірбандық танытқаны үшін алғыс айтқымыз келеді. Бұдан былай да ынтымақтастығымыз жарасады деп үміттенеміз! Сіздердің ізгі істеріңізге табыс тілейміз!

Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Нашар көретіндерге арналған нұсқа