Жаздың жарқын мерекесі

Міне, барлық балалар асыға күткен сүйікті жаз да жетті! Жаздың бірінші күні — бұл балалар мерекесі, Халықаралық Балаларды қорғау күні!

Ауқымды іс-шараны өткізу қарсаңында «Сбербанк» қызметкерлері балалар ауылы аумағында балалар мен тәрбиешілермен бірлесіп, петунья гүлдерін отырғызуды ұйымдастырды.

Бұл акция Қазақстанда қалыптасқан дәстүр бойынша шашумен  басталды. «Сбербанк» филиалының директоры тәрбиеленушілерді мерекемен құттықтап, жаз маусымында зор денсаулық және жақсы демалыс тіледі. Балалар өздері тұрып жатқан аумақты көгалдандыруға және абаттандыруға құлшына қатысты. Оларға ересектермен тізе түйістіре еңбек ету ұнады, әрқайсысы гүл отырғызу үрдісіне үлес қосудан аянып қалған жоқ. Акция аяқталған соң балаларға «Сбербанк» логотипі салынған үлкен торт тарту етілді. Балалар ауылының түлегі Галина Мұхаметжанова алғыс сөздерін жеткізді. Ол волонтерлерге қызықты акциялар мен мерекелер үшін, бірнеше жыл бойы қолдау көрсеткендері және тығыз ынтымақтастығы қатынасы үшін ризалығын білдірді.

Бұл мереке күні балалар ауылы аумағында «Нұр Ана» бірлестігінің  төрайымы Б.Ш.Максилова бастаған команда мен мұғалімдердің қатысуымен көңілді әрі қызықты бағдарлама өткізілді. «Достық» мәдени-сауық орталығының үздік аниматорлары балалардың көңілін көтеріп, тәттілер сыйлады, сыйлықтар таратты.

Концерттік-ойын-сауық бағдарламасынан кейін балалар ауылының тәрбиеленушілері «Бургер-кинг»жылдам тамақтану мейрамханасында болды. Мекеме қызметкерлері балаларды дәмді тағамдармен сыйлап, ерекше сый-құрмет көрсетіп, тәрбиеленушілерді таң қалдырды.Тағы бір тосын сый — тәлімгерлер ұйымдастырған қала ішінде лимузин көлігімен серуендеу болды.

Павлодар қаласының «Мейірбандар клубы» әлеуметтік-волонтерлік ұйымы балалар ауылының мектепке дейінгі балғындары мен төменгі сынып оқушыларына «Қарағай орманы» экологиялық аймағында, табиғат аясында ғажайып демалыс сыйлады. Балалар сауықтыру мүмкіндігіне ие болды, таза ауамен дем алды. Мультфильмдердің кейіпкерлері: Миньонмен мен  Мүйізді Жылқы  балаларға арнап футбол, волейбол, арқан тартудан сайыс өткізіп, би билеуді ұнататындар үшін флешмоб ұйымдастырды.

Келесі күні Балалар ауылында балалар мерекесі жалғасын тапты. Біздің достарымыз — «Дюсембаев» ЖК, Павлодар облысы тілдері дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысы М. К. Тулендинов, В. А. Павлович «Денсаулық десанты» шарасын өткізіп, балалар ауылының тәрбиеленушілері үшін тосынсый дайындады. Оқушылар сарайының шығармашылық ұжымдары балаларды көңілді билерімен баурап, әсем әндерімен серпілтті. Тосынсыйлар мұнымен тоқтаған  жоқ. Қонақтар тәрбиеленушілерге балмұздақ ұсынды, ал мектеп жасына дейінгі балаларға латын әліпбиінде шыққан «Әліппе» сыйлады.

Мерекеге әскери бөлімнің қызметкерлері келді, олар балаларға футбол, волейбол және теннис ойындарына арналған спорттық құрал-жабдықтар табыстады.

Балалар ауылы тәрбиеленушілерінің бір бөлігі «Динамо» дене шынықтыру қоғамында жаңа бассейннің ашылу салтанатына шақырылды, онда Павлодар облысының әкімі Б.Бақауов құттықтау сөз сөйледі.

Балалар жағымды көңіл-күйдің селін кешіп, естен кетпес әсер алды. Тәрбиеленушілер шараны ұйымдастырушыларға тәтті сыйлықтар мен спорттық формалар табыс еткені үшін шын жүректен алғыстарын айтты. Шақыруды қабыл алып, Павлодар облысы ІІД басшылығы атынан Б.Т.Камзинаның қатысқаны үлкен мәртебе болды. Балалар лауазымды тұлғаларға үлкен ризашылығын  білдірді.

Екі күн балалар қызықты іс-шараларға қатысып, көп қуанышқа кенелді.  Барлық демеушілерге, еріктілерге өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға шынайы жүректен, қайырымды көңілден мейірбандық танытқаны үшін алғыс айтқымыз келеді. Бұдан былай да ынтымақтастығымыз жарасады деп үміттенеміз! Сіздердің ізгі істеріңізге табыс тілейміз!

Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Нашар көретіндерге арналған нұсқа